Лекция: Кестелік процессор Microsoft Exsel терезесінің жалпы түрі.

Ехсе1 қолданбасының терезесінің жалпы түрі (құжат терезесімен бірге) 1-ші суретте көрсетілген. Терезеде барлық стандартты элементтер: тақырып жолы, жүйелік мәзір тиегі, жылдам жету тақтасы, терезе өлшемдерін реттеу тиектері, мәзір жолы, есімдер өрісі, «Функцияны қою» тиегі, формула жолы, күй жолы, парақтар тізімі, терезені көрсету түрлері тиектері және масштаб. Мәзір элементтерінің бұйрықтарының тізімдері бұйрықтар жолағында (лентада) пиктограммалар түрінде көрсетіледі. Жолақ мәзір жолы астында орналасады. Жолақты үнемі көрсетіп тұруға не алып тастауға арнайы тиек бар. Жолақ алынып тасталған болса, мәзір элементін тышқанмен шерткенде, осы элементке сай жолақ уақытша көрсетіледі.

КП Microsoft Excel программасының терезесінің өзіндік элементі формула жолы болып табылады. Бұл жол саймандар тақтасынан төмен, құжат терезесінен жоғары орналасады (сурет 1). Формула жолында ұяшыққа енгізілетін деректер мен формулалар теріледі, не өңделеді. Бұл жолда актив ұяшық құрылымы көрсетіледі. Формула жолының сол жағында есімдер алаңы бар, онда актив (белгіленген) ұяшықтың адресі (есімі) көрсетіледі. Осы алаңның оң жағындағы қара стрелканы шертіп, есімделген адрестердің тізімін алуға болады. Есімдер алаңымен формулалар жолының арасында оң жағынан тік сызықпен шектелген берілгендерді енгізу кезінде енгізу процесін басқаратын тиектер ( енгізу, болдырмау, функция ендіру) өрісі бар.

Қолданбаның ең төменгі жолағы күй жолағы деп аталады. Онда қолданбаның жұмыс жағдайы: дайын, енгізу, көрсету, түзету,… көрсетіледі және макросты жазуға қосу пиктограммасы, жұмыс парағы терезесін көрсету түрлерінің пиктограммалары: — қалыпты, — парақты белгілеу, — парақты, — парақты көрсету масштабы элементтері орналасқан.

Кестелік процессор MS Excel. Математикалық есептеулерді формулалар және функциялар көмегімен жүргізу. Формулаларды енгізу, міндетті шарт. Формулаларды өңдеу. Формулалардың көшірмесін алу.

Кестелі процессорлар, оларға Microsoft Excel-де жатады, негізінен кесте түрінде көрсетілген берілгендер бойынша есептеулер жүргізуге арналған. Есептеулер формулалар көмегімен орындалатындығы белгілі.

Қарапайым арифметикалық есептеулер үшін, қосу +, азайту -, көбейту *, бөлу /, дәрежелеу ^ сыяқты амалдар белгілері Excel-де ішіне сандар енгізілген ұяшықтар есімдерімен кезектесіп келеді. Формула құрылып отырылған кезде, ұяшық ішінде сан болуы да, болмауы да мүмкін.

Арифметикалық өрнектің мәнін есептеу барысында Microsoft Excel есептеу амалдарын солдан оңға қарай олардың өзара орындалу тәртібінің (операциялар приоритетінің) үш деңгейін сақтай отыра жүргізеді. Арифметикалаық амалдардың өзара орындалу тәртібі: алдымен дәрежелеу орындалады, одан кейін көбейту мен бөлу, содан соң қосу мен азайту. Дөңгелек жақшалар кездескен жағдайда алдымен төменгі деңгейдегі жақшалар ішінде жазылған өрнектің, яғни ең ішкі жақшадағы өрнектердің, мәні есептеледі.

2. Формулаларды енгізу, міндетті шарт.

Есептеу формуласы міндетті түрде нәтиже көрсетілуі керек ұяшыққа еңгізілуі керек. Формуланы ұяшыққа енгізу үшін орындалатын әрекеттер:

А. Формула жазылатын ұяшықты белгілеп (курсорды жылжытқыш тиектер көмегімен осы ұяшыққа әкеліп), формулалар жолын щертіп, осында қажетті формуланы жазу керек. Excel формуласының бірінші символы теңдік белгісі болуы керек. Теңдік белгісінсіз енгізілген формуланы Excel мәтін ретінде қабылдайды. Формула міндетті түрде теңдік белгісінен басталуы керек! Теңдік белгісінен соң өзара арифметикалық амалдар белгілерімен байланыстырылған операндтар (элементтер) жазылады. Мысалы, G9 ұяшығына жазылған =А7+5*В8 формуласы G9 ұяшығындағы мән А7 ұяшығындағы шаманың 5-ке көбейтілген В8 ұяшығындағы шамамен қосындысына тең болатынын көрсетеді. =А7+5*В8 формуласында орындалу тәртібінің үш деңгейіне байланысты, бірінші қосу амалы тұрса да, алдымен көбейту амалы, сонан соң қосу амалы орындалады.

Б. Формула жазылатын ұяшықты тінтуірмен екі шертіп белгілеп, формуланы ұяшыққа тікелей теңдік белгісімен бастап енгізуге болады.

Ұяшықтар адресін (есімін) пернетақтадан қолмен теруге болады, бірақ формула операнды болып табылатын шама орналасқан ұяшықты шерту арқылы енгізген дұрыс.

3. Формулаларды көшіру. Салыстырмалы және абсолют адрес.

Формулалардың көшірмелерін алу үшін Microsoft Excelде мына екі әдістің бірін қолдану керек:

 Microsoft Word-тағындай ұяшықты белгілеп, не «Бас» → Буфер обмена бөліміндегі «Көшірме алу» («Копировать») батырмасын шерту, не Ctrl+C тиектерін шерту, не Ctrl+Insert тиектерін шерту, не ұяшықты оң тиекпен шертіп жанама мәзірден «Көшірме алу» әмірін шерту, сонан соң көшірме алынатын ұяшықты не ұяшықтарды белгілеп, не «Бас» → Буфер обмена бөліміндегі «Қою» («Вставить») батырмасын шерту, не Ctrl+V тиектерін шерту, не Shift+Insert тиектерін шерту, не ұяшықты оң тиекпен шертіп жанама мәзірден «Вставить» әмірін шерту.

 Авто толтыру келесі тәртіпте орындалады:

— ұяшықты тышқанмен (тінтуірмен) шертіп белгілеу (сурет 1, А);

— оның төменгі оң жақ бұрышындағы төртбұрышқа тінтуірдің сілтегішін әкелу (ол қара плюс белгісіне айналады) (сурет 1, Б);

— сол жақ тиекті басып тұрып қажетті бағытта көшірме алынатын ұяшықтар бойымен сүйрету (сурет 1, В);

— тінтуірдің тиегін қоя беру және қажет болса «автотолтыру сипаттамалары» пиктограммасындағы стрелканы шертіп, «Ұяшықтардың көшірмесі» үнсіз келісім сипаттамасын белгілеу (сурет 1, Г).

Белгіленген ұяшықтағы формуланың көшірмесін не жатық, не тік бағытта алуға болады. Көшірме алу кезінде салыстырмалы адрес үшін келесі ережелер орындалады:

— солға (оңға) жатық бағытта көшірме алғанда бір ұяшыққа ығысу формуладағы әрбір баған нөмірлерін бірге кемітеді (арттырады), ал жол нөмірлері өзгермейді;

— жоғары (төмен) тік бағытта көшірме алғанда бір ұяшыққа ығысу формуладағы әрбір жол нөмірлерін бірге кемітеді (арттырады), ал баған нөмірлері өзгермейді.

Ұяшықтар есімі (адресі) үш түрде болуы мүмкін:

• Салыстырмалы адрес, осы ұяшықты құратын баған мен жол нөмірлерінен ғана тұрады және көшірме алу кезінде автоматты түрде өзгереді.

Мысалы, С1 ұяшығында =А1/В1 формуласы болса, онда

А) тік бағытта көшірме алғанда ол

С2 ұяшығында =А2/В2,

С3 ұяшығында =А3/В3,

С4 ұяшығында =А4/В4,

С5 ұяшығында =А5/А5 болып, яғни жол нөмірлері (адрестің сан бөлігі), өзгереді.

Б) жатық бағытта көшірме алғанда ол

D1 ұяшығында =B1/C1,

E1 ұяшығында =C1/D1,

F1 ұяшығында =D1/E1,

G1 ұяшығында =E1/F1 болып, яғни баған нөмірлері (адрестің әріп бөлігі), өзгереді.

• Абсолют адрес, осы ұяшықты құратын, әрқайсысының алдына $ белгісі қойылған, баған мен жол нөмірлерінен тұрады және көшірме алу кезінде өзгермейді.

Мысалы, С1 ұяшығында =$А$1/$В$1 формуласы болса, онда

А) тік бағытта көшірме алғанда ол

С2 ұяшығында =$А$1/$В$1,

С3 ұяшығында =$А$1/$В$1,

С4 ұяшығында =$А$1/$В$1,

С5 ұяшығында =$А$1/$В$1 болады, яғни формулада ешқандай өзгеріс болмайды.

Б) жатық бағытта көшірме алғанда ол

D1 ұяшығында =$А$1/$В$1,

E1 ұяшығында =$А$1/$В$1,

F1 ұяшығында =$А$1/$В$1,

G1 ұяшығында =$А$1/$В$1 болады, яғни формулада ешқандай өзгеріс болмайды.

• Аралас адрес, осы ұяшықты құратын, біреуінің алдына ғана $ белгісі қойылған, баған мен жол нөмірлерінен тұрады және көшірме алу кезінде алдында $ белгісі бар абсолютті болып табылатын операнд өзгермейді, алдында $ белгісі жоқ салыстырмалы болып табылатын операнд өзгереді.

Мысалы, С1 ұяшығында =$А1/В$1 формуласы болса, онда

А) тік бағытта көшірме алғанда ол

С2 ұяшығында =$А2/В$1,

С3 ұяшығында =$А3/В$1,

С4 ұяшығында =$А4/В$1,

С5 ұяшығында =$А5/В$1.

Бұл формулаларда бағандар нөмірі (адрестің әріп бөлігі) көшірме алу ережелері бойынша алдында $ белгісі жоқ болса да өзгермейді, ал жол нөмірлері (адрестің сан бөлігі) алдында $ белгісі жоқ болса (мысалда, бөлшектің алымында) өзгереді, алдында $ белгісі болса (мысалда, бөлшектің блімінде) өзгермейді.

Б) жатық бағытта көшірме алғанда ол

D1 ұяшығында =$А1/C$1,

E1 ұяшығында =$А1/D$1,

F1 ұяшығында =$А1/E$1,

G1 ұяшығында =$А1/F$1.

Бұл формулаларда жолдар нөмірі (адрестің сан бөлігі) көшірме алу ережелері бойынша алдында $ белгісі жоқ болса да өзгермейді, ал баған нөмірлері (адрестің әріп бөлігі) алдында $ белгісі жоқ болса (мысалда, бөлшектің бөлімінде) өзгереді, алдында $ белгісі болса (мысалда, бөлшектің алымында) өзгермейді.

4. Формулаларды өңдеу (редакциялау).

Ұяшықтағы берілгендер мен формуланы өңдеуді екі түрлі жүргізуге болады:

1) Ұяшықты белгілеп, формулалар жолын тінтуірмен шерту. Курсор формулалар жолына көшеді және формуладағы адрестер мен осы адресті ұяшықтар түсті болып белгіленеді. Осы формулалар жолында формула құрылымын өңдеуге болады. Өңдеу аяқталған соң, Enter тиегін басу керек.

2) Деректер бар ұяшықта өңдеу жүргізу үшін осы ұяшықты екі рет шерту. Ұяшық белгіленіп, курсор ұяшықта орналасады және формуладағы адрестер мен осы адресті ұяшықтар түсті болып белгіленеді. Формула құрылымын ұяшықта тікелей өңдеуге болады. Өңдеу аяқталған соң Enter тиегін басу керек.

3) Құрылымы өңделетін ұяшықты белгілеп, F2 функциональдық тиекті басқан соң ұяшық ішінде өңдеу жүргізуге болады. F2 тиегін басқан соң формулалар жолын шертіп, өңдеуді осы жолда жүргізуге болады.

Формулаға адресті абсолютті ету таңбасын $ қою және басқадай өзгерістер енгізу осы формуланы өңдеу кезінде орындалады, сондықтан алдымен өңдеу әрекеттерінің бірін орындап, сонан соң

• не курсормен $ қойылатын орынды көрсетіп, ағылшын тіліне ауысып пернетақтадағы $ белгісі бар тиекті Shift тиегімен бірге басып, $ белгісін формулаға енгізу керек;

• не курсорды формуладағы ұяшық адресінің алдына орналастырып функциональдық F4 тиегін басу керек, сонда F4 тиегін бірінші рет басқанда =А1 формула салыстырмалы адресті =А1 формуладан абсолют адрестен тұратын =$А$1 формулаға айналады, F4 тиегін екінші рет басса формула =А$1 түрге келтіреді, үшінші рет басқанда формула =$А1 болады, ал төртінші басу формуланы бастапқы түрге =А1 келтіреді. F4 тиегі тек қана формуладағы ұяшық адресін абсолютті жасау үшін қолданылады, ал мәтіндік түрде жазылған адресті абсолют түрге келтірмейді.

еще рефераты
Еще работы по информатике